Все записи, Журнал "ТАМЫР" Выпуск №48 (2019-2020), ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ, Рубрики журнала, Свежий номер

Мария Арынова. Бала патша (Антуан де Сент-Экзюпери)

XI

 

Екінші планетаны бір даңғой адам мекендейді екен. Өзі қызық, алыстан бала патшаны көзі шалып қалды да, айғай салды:

— Ә! Бәсе! Айттым ғой! Келе жатыр! Маған бас иетін адам бар демеп пе едім, дәл соның өзі!

Даңғойлар үшін өзінен басқаның бәрі оған бас иіп, тағзым ететіндер болып саналады.

— Сәлеметсіз бе, — деп амандасты бала патша әлгі кісімен. Қалпағыңыз қандай қызық!

— Бұл қалпақты сен сияқты тағзым етіп келгендермен амандасу үшін әдейі киіп алғам. Келген ел  у-шу болып, мені қаумалаған кезде қалпағымды былай көтеріп қоямын. Алайда, осы жерден тірі пенде өтпейді, неге екенін?!

— Ә,солай ма? — деді түкке түсінбеген бала патша.

— Екі алақаныңды шапалақташы, — деді даңғой мазасы кетіп.

Бала патша екі алақанымен қол соғып,шапалақ ұрды. Мәз болған даңғой ақырындап қалпағын көтеріп амандасты.

Бұл енді өзі алдында ғана болған патшадан қарағанда әлдеқайда қызық сияқты деп ойлады бала патша. Сондықтан тағы да қол шапалақтап жіберді. Дәл осы сәтті күтіп тұрған даңғой да қайтадан қалпағын сәл көтеріп, амандасты.

Осылайша бір-біріне  қайта-қайта тағзым ету жалғаса беретін түрі бар. Бес минуттан соң бала патша мына әуре ойыннан жалықты да, даңғойдан:

— Қалпағыңыз басыңыздан ұшып кету үшін не істеу керек? — деп сұрады.

Өкінішке орай, даңғой мұның сөзіне құлақ асатын емес.Жалпы, даңғойларды аспанға шығарып мақтасаң ғана масаттанып тыңдайды. Әйтпесе, тыңдамайды,сөзіңізге құлақ аспайды да. Оған дәмеленбей — ақ қойыңыз.

— Сен маған соншалықты көп тағзым еттім деп есептейсің бе? — деп сұрады даңғой баладан.

— Тағзым ету деген не? — деп сұрады бала патша.

— Ойбай —ау, тағзым ету деген осы планетадағы ең сұлу, ең бай, ең үлде мен бүлдеге оранған  ақылды адам екенімді сенің мойындауың.

— Бірақ, сенің планетаңда өзіңнен басқа тірі жан жоқ қой!

— Оны қайтесің? Мен бір жасап қалайын.Маған тағзым ете берші!

— Жарайды, мен саған тағзым еттім дейік. Бала патша иығын қиқаң еткізіп, таңданысын жасыра алмады. Сонда сен не табасың? Не мақсатыңа жетесің?

Бала патша бұл жерден  тезірек кетуге асықты. Кідірместен жүріп те кетті.

«Осы үлкен кісілер сондай қызық өздері», — деді ішінен ол саяхатын жалғастырып.

 

XII

 

Келесі планетаның иесі ішімдікке өте құмар адам екен. Бала патша мұнда көп бөгелмеді, бірақ, ол мына көріністен кейін қатты ойланып қалды.

Ішкіш кісінің бір жағында бос бөтелкелер, екінші жағында әлі ашылмаған, іші шарапқа шүпілдеп толып тұрған бөтелкелер тізіліп тұр. Дәл ортасына өзі жайғасып алған.Тып-тыныш.

— Мұнда не істеп отырсың? — деп сұрады бала әлгі адамнан.

— Ішіп отырмын, — деді ішкіш түнерген қалпы.

— Ал, неге ішесің? — деп сұрады бала патша.

— Бәрін ұмыту үшін, — деп жауап берді ішкіш.

— Нені ұмыту үшін? — деп сұрады бала патша оған жаны ашып.

— Өзімнің ұятымды ұмыту үшін ішем, — деп жауап берді ол мойнын   салбыратып.

— Ол қандай ұят? Ұятың болса неге ішесің онда? — деді бала патша қалай да бірқол ұшын созғысы келіп.

— Ішу дегеннен ұялам! — деді ішкіш әңгіме бітті дегендей мүлгіген қалпына қайта оралып.

Бала патша ойланған қалпы қарайламастан  қайтадан жолға түсті.

«Осы үлкен кісілер қандай қызық өздері», — деп тағы ішінен қайталады.

 

 

XIII

 

Сонымен, төртінші планетаға да келіп жеттік. Бұл жердің иесі бизнесмен кісі екен. Ол кісінің жұмысына берілгендігі соншалық, бала патша келгенде тіпті басын да көтермеді.

— Сәлеметсіз бе, — деді бала, сигаретіңіз өшіп қалыпты.

— Үшке екіні қоссаң, болады — бес. Беске жетіні қоссаң, болады — он екі. Он екіге үшті қоссаң, болады он бес.Он беске жетіні қоссаң, болады — жиырма екі. Жиырма екіге алтыны қоссаң, болады — жиырма сегіз. Сигаретімді қайта түтетуге уақыт жоқ. Жиырма алтыға бесті қоссаң, болады отыз бір. Уф! Сонымен, бес жүз миллион алты жүз жиырма екі мың жеті жүз отыз бір.

— Бес жүз миллион деп нені айтып отырсыз?

— Әй, сен әлі осындамысың? Неғып жүрсің? Бес жүз миллион дедім …ол не еді өзі… есіме түспей тұр. Менің жұмысым басымнан асады,шырағым! Мен жұмысқа берілген адаммын, анау — мынау әңгіме айтатын уақытым жоқ! Екіге бесті қоссаң болады — жеті…

— Бес жүз миллион деп нені айтып тұрсыз? — деп қоймады бала патша. Ол біреуге сұрақ қойса, жауап алмай қоймайтын әдетіне тағы да басып.

Бизнесмен енді ғана басын көтерді де:

— Қоймадың ғой өзің. Елу төрт жылдан бері осында тұрып келем. Осы уақыттың ішінде үш-ақ рет жұмысыма кедергі кездесті. Дәл жиырма екі жыл бұрын бір зауза қоңыздың кесірінен жұмысым үзіліп қалып еді. Ол жолы бірінше рет есептен бас көтергенім болатын. Әлгі қоңыз қайдан келгенін бір Құдай біледі, дарылдап қоймады. Соның кесірінен есептен жаңылысып, төрт қате жіберіп алыппын. Ал, екінші рет осыдан он бір жыл бұрын белімнің құяңы ұстап қалып, қорлық көрдім. Соның кесірінен жұмысым үзіліп, есебім тоқтап қалды. Менің қол қусырып, қарап отыратын түк уақытым жоқ. Мен істің адамымын дедім ғой. Міне,үшінші рет… сен маған кедергі болдың! Жаңа бес жүз миллион дедім ғой…

— Миллион деген ненің саны? Нені айтып тұрсыз?

Бизнесмен балаға жауап бермесе, құтылмасын білді де:

— Бір кезде аспаннан көруге болатын кіп-кішкентай нәрселер, — деді.

— Шып жүретін шыбындар ма?

— Жоқ, өздері жарқырап тұрады.

— Аралар ма?

— Жоқ деймін. Ара емес. Аспанда алтындай жарқырап тұрады  өздері. Жалқаулар соларға қарап, бос армандап уақытын өткізеді. Мен болсам істің адамымын дедім емес пе?! Босқа қиялданып, аспанға қарап, ерігіп жататын уақытым жоқ.

— О! Таптым! Жұлдыздарды айтасыз ғой.

— Дұрыс айтасың. Жұлдыздарды айтам.

— Сонда осы бес жүз миллион жұлдызды не істемекшісіз?

— Бес жүз миллион алты жүз жиырма екі мың жеті жүз отыз бір,— деп түзетті ол. Мен өте ыждаһатты адаммын. Дәл санын айтқаның жөн,ауытқыма.

— Жақсы,солай болсын. Сонда бұл жұлдыздардың бәрі не үшін керек сізге?

— Не үшін керек дейсің ба?

— Иә.

— Қалай айтсам болады. Осы жұлдыздардың бәрі менікі.

— Сонда сіз аспандағы бар жұлдыздың иесімін дегіңіз келе ме?

— Дәл солай.

— Мен бір патшаны көрдім иелік құрып…

— Есіңде болсын, патшалар ешқашан иелік құрмайды. Олар бір нәрсеге «патшалық» етеді. Екеуі екі түрлі нәрсе.

— Ал, жақсы. Жұлдыздарға иелік ету сізге не береді? Қандай пайдасы бар?

— Менің байлығым — осы жұлдыздар.

— Байлығыңыз сізге қандай пайда әкеледі сонда? Санына жете алмайтын көп жұлдызды не істейсіз?

— Егер біреулер жаңа жұлдыз ашса, соны сатып алуға жұмсаймын.

«Мұның сөзі жаңағы ішкіштің ар жақ бер жағы екен, басы істей ме өзінің» деп ойлады бала патша

Тыныш тұрмай ол  тағы да сұрақ  қоя бастады.

— Жұлдыздарды қалай меншіктеп, иемденуге болады? Қалай?

— Сонда олар кімдікі? Жұлдыздарды айтам, — деп  ашудан бұрқ ете қалды бизнесмен.

— Мен оны білмеймін. Жұлдыздар ешкімдікі де емес деп ойлаймын.

— Онда олардың бәрі менікі, ұқтың ба? Себебі «жұлдыз кімдікі болу керек» деген ой ең бірінші маған келді. Сондықтан, аспандағы бар жұлдыздың иесі мен болам.

— Жұлдыздың түгел иемдену үшін осы себеп жеткілікті деп ойлайсыз ба?

— Әрине, солай. Сен келе жатып бір гауһар тауып алсаң, ол сенікі болады емес пе? Бір аралға түстің дейік, онда жан адам кездеспесе, арал сенікі. Сенің басыңа бір керемет идея келсе, оны жүзеге асыру үшін бірінші болып патент аласың. Демек, ол идея да сенің жалғыз өзіңдікі. Ендеше, жұлдыздың бәрі менікі. Себебі, маған дейін бір де бір адам оларды иемдену туралы ойламаған Ал, менің басыма бұл ой  бірінші болып келді.

— Жарайды, сіздікі дұрыс  болсын. Енді жұлдыздың бәрін жинап алып, қайтпексіз? — деді бала патша.

— Мен оларды тездетіп басқаруды қолға алам, бір ретке келтірем. Жұлдыздарды түгелімен бір бірлеп санап шығам, жаңылып қалсам, қайта санаймын, — деді бизнесмен. — Бұл оңай шаруа емес. Бірақ, мен өте табанды адаммын!

Бала патшаның көңіліне оның жауабы тағы да қонбады.

— Мысалы, менің шарпым бар болса, мен оны мойныма орай салам да, өзіммен бірге алып кетем.Егер менің гүлім болса, оны үзіп алам да, алып кетем.Сіз жұлдыздарды үзіп ала алмайсыз ғой!

— Мен оларды банкке салып қоям.

— Ол не деген сөз?

— Ол дегенің былай: мен бір жапырақ қағазға бір де біреуін қалдырмастан жұлдыздырдың санын жазам. Сонан соң, әлгі қағазды темір жәшіктің ішіне салып,кілттеп тастаймын.

— Сол-ақ па?

— Әлбетте! Осы да жетіп жатыр.

«Қызық екен, деп ойлады бала патша. Айтқандары кәдімгідей әсерлі. Сонда да миға қонбайды».

Бала патшаның  көңілге қонымды нәрселер туралы ойы неге екенін үлкен кісілердің ойларымен мүлде үйлеспейді. Бәрін басқаша түсінеді, сондықтан оларға ұқсамайды.

— Мен, деді ол қайтадан бизнесменге, өзімнің гүліме  күнде су құямын. Мысалы, менің қол астымда үш вулканым бар. Оларды мен апта сайын тазалап тұрамын. Сөнген вулканды да тазалаймын. Себебі, ертең не болатыны ешкімге белгісіз. Мүмкін ол жанартауға айналып кететін шығар. Қалай болғанда да, мен оларды күл-қоқыстан тазартып, пайдамды тигізем. Маған ғана қарап тұрған гүлімді де жақсы күтемін.Барынша мәпелеймін. Демек, оған да пайдам тиеді. Ал, сіздің жұлдыздарға еш пайдаңыз тимейді.

Бизнесмен аузын ашып, бірдеңе деп жауап қатпақшы болды да, не дерін білмей тосылып қалды.

«Осы үлкен кісілер адамның басына келмейтін істермен айналысады өздері», — деп ойлады ол ішінен саяхатын әрі қарай жалғастырып.

 

V

 

Алтыншы планетаны айтсам, тіпті, қызық. Планеталардың ішіндегі ең кішкентайы өзі.Кішкентай ғана. Бұл жерде  көше шамы мен оны жағатын адам ғана сыятын орын бар. Бала патша бұл планетаның не үшін керек екенін қанша ойланса да, түсінбей-ақ қойды.Ашық аспанның астында демесең, бір де бір адам жоқ, үйлер де көрінбейді. Олар болған күннің өзінде мына жерге сыймас еді.Тек қана көше шамы мен оны жағатын шырақшы адам ғана бар.

Ол енді ішінен өзіне өзі былай деді:

«Бұл адамның біртүрлі қызық іспен айналысатыны дұрыс та шығар. Әйтеуір, әлгіде өзім кездескен патшамен, даңғоймен, ішкішпен, бизнесмен ағаймен салыстырғанда айналысатын ісі дұрыс сияқты. Әрі-беріден соң  шаруасында бір мән бар ғой.Ол кешке қарай көше шамын жаққан кезде, жаңадан бір жұлдыз жанғандай болады. Немесе бір жайнаған гүл ашылғандай әсер етеді. Ал, шамды өшірген кезде, жұлдыз да, гүл де ұйқыға кетеді. Қандай әдемі жұмыс! Әдемі болған соң, пайдасы да зор».

Бұл планетаға келген бойда бала бар ықыласымен шырақшымен амандасты:

— Сәлеметсіз бе! Неге шамды өшіріп тастадыңыз?

— Тәртібі солай, — деп жауап берді шырақшы.

— Мен түкке де түсінбедім, — деді бала патша.

— Түсінбейтін ештеңесі де жоқ, — деді шырақшы. Тәртіп деген — тәртіп, ереже деген — ереже. Сау — саламатсың ба? Осылай деді де, шамды өшіріп тастады.

Сосын қып—қызыл, шақпақ—шақпақ көлдей орамалымен маңдайының терін сүртті.

— Менің бұл жұмысым айтуға оңай болғанмен, қиындығы бастан асады. Бұрын басқаша еді, бұлай емес еді.Таңертеңгісін шамды жағатынмын, кешке қарай өшіретінмін. Күндіз көңілім қалаған уақытта дем алатын едім, түнде ұйқым қанғанша ұйықтаушы едім…

— Қазір тәртіптеріңіз өзгеріп кетті ме сонда?

— Тәртіп те, ереже де өзгерген жоқ. Мына дүние бір қызық болып кетті ғой! Жылдан жылға планеталар  тез-тез айналатын болып алды. Ереже түк өзгерген жоқ!

— Сонда, не өзгерді? Қазір қалай болды енді?— деп сұрады бала патша.

— Сонымен, планета бір минутта  жерді бір айналып шығатын болды. Менің енді бір секунд та дем алуға мұршам жоқ. Өзің ойлашы  бір минуттің ішінде шамды жағып та, сөндіріп те үлгеруім керек!

— Ой! Қандай қызық! Сіздің планетаңызда күннің ұзақтығы бар-жоғы бір минут болғаны ғой?

— Мұның қызық ештеңесі де жоқ. Екеуміздің сөйлесіп тұрғанымызға міне бір ай болды.

— Бір ай? Қалайша?!

— Иә. Отыз минут. Отыз күн деген сөз! Амансың ба?

Ол көше шамын қайтадан жақты.

Бала патша ережені бұлжытпай орындайтын шырақшыға қызыға қарады. Күннің батқанын тамашалау үшін орындығын өзіне қарай жылжытып, алыстан  көз алмай қарайтын кезі есіне түсті… Жаңа досына көмектескісі келіп:

— Білесіз бе…мен бір әдіс білем…сол әдісті сізге айтайын ба… сіз қашан дем алғыңыз келсе, сонда дем аласыз…

— Онда жақсы болар еді, — деді шырақшы. Сонда «өгіз де өлмейді, арба да сынбайды». Мен әрі жұмысымды атқарам, әрі уақытында дем алам.

Бала патша көкейіндегі ойын айта бастады:

— Білесіз бе, сіздің планетаңыз кішкентай ғана. Оны үш аттасаң айналып шығасың. Сондықтан, арасында дем алу үшін былай істеңіз. Асықпай, ақырын басып жәй жүрсеңіз, күн тез батпайды. Сіз де шам жақпайсыз.Тынығуыңыз керек болса, еш асықпаңыз… сонда күннің ұзақтығын өзіңіз жасап аласыз. Рахат болады, шын айтам.

— Қой, бұл айтқаныңнан түк те шықпайды, — деді шырақшы. Болмайтын нәрсемен айналысып жүрсем. Үнемі ұйқым қанбайды, ұйқы қысып, жата қалғым келіп тұрады деймін саған.

— Менің айтқаным миға қонбай ма? — деді бала патша.

— Әрине, көкейге қонатын нәрсе емес, — деді шырақшы. Амансың ба? Ол шамды тағы да сөндірді.

 

«Бұл кісі, деп ойын жалғастырды бала патша, жолға түскен соң, басқаша адам екен. Мен кездестірген патшаға да, даңғой-мақтаншаққа да, ішкіш-маскүнемге де, тіпті, бизнесменге де ұқсамайды. Олар бәрі жабылып шырақшыны ұната қоймайтыны белгілі. Себебі, осы кісінің айналысатын шаруасы ғана көңілге қонады. Себебі, ол өзінің қарақан басының ғана қамын ойламайды. Басқаларға жақсылық жасайды».

Ол өкінішпен бір күрсініп алды да, ойын жалғастыра түсті:

«Бұл кісі дос болуға нағыз лайық адам екен. Бірақ, планетасы тым кішкентай, шағын ғана. Екі адам да сыймайды…».

Құдайдың құдіретімен бар-жоғы жиырма төрт сағаттың ішінде бір мың төрт жүз қырық рет таң атып, күн бататын кішкентай планетаны қимай бара жатқанын бала патша еш мойындағысы келмеді.

 

XV

 

Алтыншы планета жаңа ғана өзі болған алақандай жерден он есе үлкен болып шықты. Мұнда қалың-қалың кітап жазатын бір қарт Мырза мекендейді екен.

— Тамаша болды! Нағыз ел көріп, жер танып жүрген жолаушы алдымнан шықты! — деп ол бала патшаны көре сала қуанғанынан айғайлап жіберді.

— Ал, айта бер, қайдан келе жатсың өзің? — деді қарт Мырза.

— Мына кітаптың қалыңын-ай! — деп таң қалды бала патша. Сіз мұнда немен айналысасыз?

— Мен алып мұхиттардың, айдын шалқар көлдердің, буырқанып аққан өзендердің, асқар таулардың қай жерде, қалай орналасқанын білетін оқымыстымын.

— Қандай қызық, — деді бала патша. Міне, бұл нағыз ауыз толтырып айтатындай мамандық! Ол бәрін білетін географтың планетасына айнала бір қарап шықты. Мұндай керемет планетаны ол бұрын— соңды кездестірмеген болатын.

— Планетаңыз қандай тамаша. Теңіздер қай жерінде орналасқан?

— Оны мен біле алмадым, — деді географ.

— А? (бала патшаның көңілі түсіп кетті) Ал, таулар қай жерде?

— Оны да біле алмадым, — деп жауап қатты географ.

— Қалалар, өзендер мен шөлдер қай жерде орналасқан?

— Білмеймін, біле алмадым деймін.

— Апыр ай, ә! Сіз географ емессіз бе?!

— Иә, дәл солай. Бірақ, мен ел мен жерді араламаймын. Ешқайда саяхатқа шықпаймын. Оған уақытым жоқ. Қаланың да, даланың да санын алып, дала кезіп жүргендер нағыз географ емес. Өзендер мен тау-тастың, мұхиттар мен шөлдердің де қасына барып, зерттеп жүргем жоқ. Оның бәріне шұқшиятын шамам жоқ, әрі ол менің жұмысым емес. Мен сияқты оқымысты кабинетінен шықпай-ақ жаза береді. Бірақ, мен өзің сияқты бәрін өз көзімен көрген саяхатшыларды зерттеуші ретінде қабылдаймын. Сондықтан, кездесіп қалғанда олардың айтқандарын мұқият тыңдаймын. Көрген-білгендерінің бәрін қағазға түсіріп алам. Егер мен өз жұмысыма сол адамдардың арасынан біреуін таңдап алсам, оған сауалнама толтыртып, тексерем. Әсіресе, оның  адамгершілігі қандай дәрежеде екен, сонысы бәрінен маңызды.

— Неге адамгершілігі соншалықты маңызды? Оны не себептен  тексересіз?

— Өйткені, саяхатшы көрген-білгеніне өтірік қосса, апатқа ұшыратуы мүмкін. Аяқ астынан астаң- кестең сұмдыққа тап боламыз. Ішетін адамдардың да айтқанына сенуге болмайды.

— Ал, оларға неге сенуге болмайды?

— Өйткені,маскүнем адамның көзіне бәрі қосарланып, екеу болып көрінеді. Соның айтқанына сеніп, географ бір таудың орнына екі таудың суретін салуы мүмкін.

— Мен дәл сондай ішкіштің біреуін жолымда кездестірдім, ендеше.

— Әбден мүмкін. Егер саяхатшының адамгершілігі жоғары, ар-ұяттан аттамайтын болса, оның айтқанын жаңалық етіп кіргізуге болады.

— Оның қалай жасалатынын көруге бола ма? Жаңалықты айтам.

— Жоқ. Бұл өте күрделі жұмыс. Алдымен әлгі саяхатшының айтқаны рас болса, көргендерін дәлелдей білуі керек. Егер ол үлкен тау кездестірдім десе, дәлел ретінде ол үлкен тас әкеліп көрсетуі тиіс.

Неге екенін географ бір сәт балаға өзінен өзі алаңдап отырған сияқты көрінді.

— Ал, сен тау асып, тас басып тым алыстан келдің! Сен нағыз саяхатшысың ендеше! Сен маған өз планетаңды суреттеп берші, кәнеки!

Сосын географ қалың кітабының біреуін ашты да, қарындашын ұштай бастады. Саяхатшының сөздерін алдымен қарындашпен жазып алады. Ал, оның айтқандарын сиямен өшпейтіндей етіп жазу үшін, саяхатшы дәлелдерін алға тартуы міндетті. Онсыз болмайды.

 

— Ал, құлағым сенде, — деді географ.

— О! Менің тұратын жерім туралы айт дейсіз бе, айтайын, — деді бала патша. Ауыз толтырып мақтанатындай үлкен планета емес. Шап-шағын.Үш вулканым бар. Екеуі жарылуға дайын белсенді жанартау, ал үшіншісі сөнген. Бірақ, кім білсін, оны да біржақты айтуға болмайды.

— Иә, бірнәрсе туралы біржақты айттым, бітті деуге әсте болмайды, — деді географ оны қостап.

— Менің бір тал гүлім бар және.

— Гүлдерді есепке алмаймыз,  кітапқа да жазбаймыз, — деді географ.

— Ойпырмай, неге олай дейсіз?! Ол  керемет әдемі!

— Өйткені гүл деген үлбіреген бірдеңе.

— «Үлбіреген » деген қандай ол?

— Айналайын, география кітабы  ең керекті, ең құнды нәрселер туралы ғана жазады. Бүгін-ертең керек болмай қалатын сән емес ол. Таудың орны ауысуы мүмкін емес нәрсе екені белгілі емес пе? Сол сияқты теңіздің суы ешқашан да таусылмайды. Бұлар мәңгі жаратылған нәрселер. Міне, біз осындай мызғымайтын, маңызды заттарды жазамыз.

— Бірақ, сөніп қалған вулкандардың қайтадан отқа оранып, оянуы мүмкін ғой. Жаңағы сіз айтқан «үлбіреген» деген сөз нені білдіреді?

— Вулкандар сөнген бе, сөнбеген бе бізге бәрібір, — деді географ. Біз тауды ғана есепке аламыз. Ол ешқашан өзгеріске ұшырамайды.

— «Үлбіреген» дегеннің не екенін түсіндірмедіңіз ғой. Ол нені білдіреді? — деді бала патша өз сұрағына  жауап  алмай қоймайтын әдетіне басып.

— Ол «жақын арада түгі қалмайды, өзінен өзі жоқ болып кетеді» дегенді білдіреді.

— Сонда менің гүлім де жақын арада жоқ болып кете ме?

— Әрине

«Менің үлбіреген қайран гүлім-ай! — деп ойлады ішінен бала патша, — мына дүниеге қарсы тұратын оның қауқары да жоқ! Оның бар-жоғы төрт тікенегі бар! Ал, мен болсам оны жападан жалғыз қалдырып кеттім!»

Ол жолға шыққалы бері бірінші рет қатты өкінді.Бірақ, өзін- өзі демеп:

— Мен енді қайда, қалай қарай барсам болады, жөн сілтеп, ақыл қоса аласыз ба маған, — деп өтінді ол.

— Жер деген планетаны барып көргенің  дұрыс шығар. Елдер мақтайды…

Енді бала патша Жер қайдасың деп жолға шықты. Дегенмен, бар ойы гүлінде еді. (Гүлі есінен бір шықпай қойды).

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *