ӘУЕЗХАН ҚОДАР. ЗИЯЛЫ ТҰЛҒА ДӘН ІСПЕТТІ

Бүгін бір қайғылы хабармен бөлісуге тура кеп тұр. Кеше түнде, яғни наурыздың 13-ші жұлдызында Талғар елді мекенінде 50 жастан сәл асқан шағында философ Жанат Баймұхаметов қайтыс болды. Ол мәдениетке, философияға әбден берілген азамат еді, ресми түрде ешбір атағы болмаса да, зиялы ортада кеңінен танымал болатын. Онымен тек мұражай, галереяларда, немесе кітапханаларда өтетін тұсаукесерлерде ылғи да кездесетінбіз. Ол бәрімізден бұрын қазіргі батыс философиясына қызығып, оның ішінде постмодернизм ағымының өкілі болатын. Жанат 90-шы жылдардың басында әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық унивеситетіміздің аспирантурасында жүріп «Мартин Хайдеггердің ақиқат жөніндегі ілімі» деген кандидаттық диссертация дайындаған, бірақ оған оппонент болатын мамандар табылмай, жұмысы қорғалмай қалды. Байқап отырғаныңыздай, ол қазіргі батыс философиясының қазақ топырағындағы ерте піскен жемісі еді, бірақ дер кезінде ғылыми атақ алмағасын, философия саласынан шеттетіле берді. Әйтседе, 90-шы жылдары ол Қазақ мемлекеттік көркем академиясында сабақ берді, халықаралық Сорос қоры жанынан ашылған Қазіргі өнер орталығымен тығыз байланыста болып, біраз жобаларға қатысты. Мәскеудегі өте танымал «Художественный журналда» мақаласы шықты. Ең қызығы, сол кезде ол әлі Ресейдің өзінде аударыла қоймаған неміс ақыны Георг Тракльді аударуға кірісті. Г. Тракль жиырма жеті жасында Бірінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған немістің экспрессионист ақыны, сол кезгі болмыстың ауырлығын, өзінің ұшы-қиыры жоқ жалғыздығын жырлап өткен, Пикассоның «Герникасындағыдай» соғыстың жантүршіктірер тозақи келбетін бере алған суреткер. Немістің Гельдерлин, Рильке, Тракль сияқты ақындарын зерттеп отырып, Хайдеггер мынандай пайымға келген: «Философия мен поэзия көрші шоқыларда орналасқан, тек ұқсас нәтижеге олар бір біріне ұқсамайтын жолдармен жетеді». Оның басты мақсаты философияны аспани, метафизикалық дәрежесінен күнбе-күнгі өмірге түсіру еді. Жанат Жиль Делёз бен Феликс Гваттаридің іліміне еріп, одан да әрі кетеді. Оның ойынша, жауыр тақырыптарды көтере беруді қою керек. Оның орнына бұрын еленбеген, тақырып саналмаған, мүлде оқшау көрінген құбылыстар жөнінде ойланған жөн. Мысалы, көшпенділік пен отырықшылықтың айырмасы жөнінде. Егер отырықшылар кеңістікті бөліп, қоршап, сол шектеулі аумақта сатылап жоғарылау (иерархиялық) тіршілігін қалыптастырса, көшпенділер кеңістікте өзара бөлініп, туыстыққа байланысты ыдырау мен жақындасу тіршілігін қалыптастырған. Бұл кәдімгі қазақтың мемлекетке бағынбай, қазақылыққа кету әдетіне ұқсас. Бірақ бұл тұрғыда Жанат қазақылықты мемлекеттіліктен еш кем деп ойламады. Өйткені онда әркім өз еркіндігін қорғай алады. Ешкім ешкімнің иелігінде болмайды. Сол сияқты зердеуи нәрселерде де еш зорлық болмауға тиіс, еш тақырыпқа тыйым болмау керек. Бұл концепциясын Жанат «зердеуи қазақылық» деп атаған.

Продолжить чтение

Әуезхан Қодар. МЕРЕЙ ҚОСЫННЫҢ МИНИМАЛИСТТІК ҚОСЫ

Оның шығармаларында күндіздің өзінде тозақ отына күйген жандар жүгіріп бара жатады, жерді ұстап тұрған тартылу заңы емес, адамдардың бір біріне ультрамахаббаты, қарсыласын тек бесатар мен ататын суық қанды адалдық тірлік етеді. Оның әңгімелерінің маған түскеніне екі айдай болды, одан да көп болмаса. Бірақ әлдеде бір шешімге келе алмай отырмын. Әңгімелерінің көлемі бір жарым-ақ бет. Сонша көлемсіз алаңға не сыйдыруға болады? Бірақ ол сыйдырады, тіпті, соны өзінің парызы санайды. Менің бұл жолғы кейіпкерім Мерей Қосын Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының кинотеледраматургия мамандағының студенті. 4-ші курста оқиды. Жасы 22-де. Меніңше, оны ерте қалыптасқан талант деп толық мойындауға болады. Әрине, шығармалары күрделі, кейде түсінксіздеу. Әйтсе де, одан заман лебі сезіледі. Қазіргі постмодернистік күрделіленген заманның лебі. Ол біздің танысуымыздың алдында, өзі туралы, әдебиеттегі принциптері туралы жазған. Оны Мерей Қосынның әдеби манифесті деуге болады. «Телевидео, киномен біраз ауырып жүрдім де, ақыры өз жолымды, өз мінезімді, өз келбетімді постмодерн бағытындағы әдебиеттен таптым. Борхеспен ауырып, артынан Стивен Кинг, Дэн Браун сияқты қазіргі контепорари (Contemporary) бағытындағы әдебиет соңына түстім.Жалпы мен қазіргі қазақ әдебиетінде әлі қалыптаса қоймаған постмодерн, гипертекст, интертекстке жақынмын». Шыныменде, әңгімелерінде әлгі дүниелерге жақын аллюзиялары жеткілікті. Мысалы, Дерриданың іздер туралы ілімі аталады, кейіпкерлері онлайын араласуға бейім, атам заманда қайтыс болған кішкентай қыздың тағдырына таң қалып, автор оны іздестіріп, өте ерекше құбылыс болғанына көзін жеткізеді.. Мен үшін бұл біздегі алғашқы постмодернистердің, әсіресе, жақында ғана өте күрделі жағдайда қайтыс болған Жанат Баймұхаметовтың еңбегі зая кетпегенінің белгісі. Егер біздің жастар бұрынғы кеңес әдебитімен шектелмей, қазіргі заман биігіндегі ағымдарға шықса, онда болашағымыз бар деп сенемін.
Ал махаббатқа арналған жалғыз әңгімесі «Буве нүктесіне» келсек, махаббат бұл дүниедегі ең сирек сезім. Ол тек бұл дүние картасында жоқ есебіндегі Буве аралында. Соның өзінде сен оған тек түс арқылы жетесің. Мен мұны махаббат сезімін қатты қастерлеу деп санаймын. Және бұл символизммен экзистенциализмге тән нәрсе. Буве нүктесі тек мұз бен таудан тұратын арал екен. Сонда автор кейіпкерлерін неге мұнда орналастырады? Өйткені олар бүкіл айналаны өз сезімімен жылытады.
Әңімеде төмендегі рефрен басым. «Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді, бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін». Міне, бұл да символизациялаудың белгісі. Айтпақшы, әңгіме былай басталады. «Сіз мың бір түн ертегісін оқыдыңыз деп үміттенемін. Әрине, сіз менің айтып отырғандарыма ешқашан сенбессіз, бірақ мен дәл осы күндері сол ертегінің өзіне айналып кеткендеймін. Тыныштықта ұйықтай бергім келеді, оянудан қатты қорқамын. Ояна қалсам ғажайып әлемнің бәрі ғайып болады да, тек менің бойымда сол сәттегі сезімдер ғана қалады, басқа ешнәрсе есіме түспейді». Бұл деген ешбір нақты дүниеден тыс сезімдерді дәрптеу емес пе? Себебі кейіпкеріміздің өмірі өте ауыр. «Оның құлағы жанұшыра шыңғырып шулаған адамдар мен күн сайын төбеден құлайтын тұрақты дүмпудің айқасқан дауыстарына әбден көніп алған. Анасы мен бір бауырының осындай шудың астында ғайып болғандарына біраз жылдар өткен, ал әкесі туралы тіпті ештеңе білмейді. Бірақ, «Құдайдың жолында кетті» деген миына сіңіп қалған тіркес әкесінің өлгенін білдірмейтіндігін түсінетін. Ол кішкентай лашықтың ішінде қойнына тығылып отырған қалған төрт бауырының өмірі үшін жанталасып жатты. Ол таң ата бәрі тыныштала бастағанда ұйқыға кетті». Міне, осындай ұйқыға кеткенде ғана ол әлгі түстерін көреді. Және тек сол түстерімен ғана бақытты. Сонда біз әлемді қандай атқораға айналдырғанбыз, онда махаббатқа тек түс көру арқылы жететін болсақ? Менің ұққаным, Мерей Қосын тек постмодернист емес, жаңа гуманизді аңсаушы жас тұлға. Оны «Мультимахаббат» әңгімесінен де байқауға болады. Және, оның негізі де жоқ емес. Қазір әлемдік философияда гуманизмге қайтадан бетбұрыс басталуда. Ж. Баймухаметов айтқандай, «Гуманизм адамның айнымас қасиеті (хұқықтық, экономикалық, ар-ұждандық). Гуманизмге деген әрекетшіл қөзқарас: гуманизм саналы түрдегі ұстаным. Гуманизм құрып тынған жоқ».
Әсіресе бұл тұрғыда М.Қосынның «Нерд» әңгімесі зерделеуге сұранып тұр. Ол тіпте бүкіл топтаманың квинтенцессиясы сияқты. Әрине, қазіргі жастардың субкультурасы туралы хабары жоқ адамға бұл әңгіме еш нәрсе айтпайды. Әңгіме бір жалғыздықты жақсы көретін түсініксіз жанға арналған. Оның өмірінің бар мағынасы «Адам ағзасының жаңа қуаты» деген жазуын бітіру. Қазіргі жастар ондай адамды «нерд», немесе «гиг» деп атайды екен. Екіншісі — компьютерлер технологиясын өте жақын, ал біріншісі, — таңдаған тақырыбынан еш ауытқымайтын, тек соны ғана өмірлік мәніне айналдырған сирек сауатты интеллектуалдар. Олар материалдық, немесе әлеуметтік өсуге тырыспайды, тек тереңге ұмтылады. Мерей Қосын таңдаған жаңа гуманизм тек сондай тұлғаларды дәріптеу гуманизмі болар. Бұл ағым түрлі маргиналдардың жағдайына үңіліп, оларды әлеуметте билік құрған топтан еш кем көрмеген постмодернистерден бастау алады. Енді келе-келе өзі де бағыт беретін топқа айналатын түрі бар.

Мерей Қосын. БУВЕ НҮКТЕСІ. НЕРД

 БУВЕ НҮКТЕСІ

(The Bouvet Point)

«Сіз мың бір түн ертегісін оқыдыңыз деп үміттенемін. Әрине, сіз менің айтып отырғандарыма ешқашан сенбессіз, бірақ мен дәл осы күндері сол ертегінің өзіне айналып кеткендеймін. Тыныштықта ұйықтай бергім келеді, оянудан қатты қорқамын. Ояна қалсам ғажайып әлемнің бәрі ғайып болады да тек менің бойымда сол сәттегі сезімдер ғана қалады, басқа ешнәрсе есіме түспейді.» бұл Сириялық Ая (Aya) есімді бойжеткеннің маған жазған хатынан еш өзгеріссіз алынды. Фейзбуктегі «Humans of New York» парақшасында жақында жарияланған Аяның оқиғасы туралы жазба бақырайған көздер мен тік қатқан ойларды төңкеріп тастады. Және мені де, сондықтан онлайн дос болып, мың бір түннің ертегілерін тыңдап қысылған уақыт үстінде отыра бердім.

Оның құлағы жанұшыра шыңғырып шулаған адамдар мен күн сайын төбеден құлайтын тұрақты дүмпудің айқасқан дауыстарына әбден көніп алған. Анасы мен бір бауырының осындай шудың астында ғайып болғандарына біраз жылдар өткен, ал әкесі туралы тіпті ештеңе білмейді. Бірақ, «Құдайдың жолында кетті» деген миына сіңіп қалған тіркес әкесінің өлгенін білдірмейтіндігін түсінетін. Ол кішкентай лашықтың ішінде қойнына тығылып отырған қалған төрт бауырының өмірі үшін жанталасып жатты. Ол таң ата бәрі тыныштала бастағанда ұйқыға кетті.

Продолжить чтение

НАШИ АВТОРЫ

 Ауэзхан Кодар, известный поэт, переводчик, философ. Живет в Алматы

Зитта Султанбаева, арткритик, руководитель группы ZITABL. Живет в Алматы

Гания Чагатаева, художник-акционист. Живет в Алматы

Ержан Ашим, поэт, музыкант. Живет в Алматы

Жанар Сулейманова, солистка в Казахской государственной филармонии им. Жамбыла. Живет в Алматы

Дастан Кадыржанов, политолог, выпускник Институт стран Азии и Африки при МГУ. Живет в Алматы

Иевский В.А., кандидат философских наук. Живет в Израиле

Жанат Баймухаметов, философ, поэт, переводчик, арткритик (посмертные публикации)

Игорь Полуяхтов, посмертная публикация

Ульяна Фатьянова, журналист. Живет в Алматы

Молодые авторы: Ян Морокканский, Ирина Суворова, Ксандра Силантье, Ксения Рогожникова, Лола Набокова, Лолита Башкатова, Рувим Гликман, Ольга Настюкова, Айман Кодар, Татьяна Черток

БІЗДІҢ АВТОРЛАР

Әуезхан Кодар, белгілі жазушы, философ. Алматыда тұрады

Мерей Қосын, Т. Жүргенов атындағыҰлттық өнер академиясының 4 курс студенті. Алматыда тұрады.