БУВЕ НҮКТЕСІ
(The Bouvet Point)
«Сіз мың бір түн ертегісін оқыдыңыз деп үміттенемін. Әрине, сіз менің айтып отырғандарыма ешқашан сенбессіз, бірақ мен дәл осы күндері сол ертегінің өзіне айналып кеткендеймін. Тыныштықта ұйықтай бергім келеді, оянудан қатты қорқамын. Ояна қалсам ғажайып әлемнің бәрі ғайып болады да тек менің бойымда сол сәттегі сезімдер ғана қалады, басқа ешнәрсе есіме түспейді.» бұл Сириялық Ая (Aya) есімді бойжеткеннің маған жазған хатынан еш өзгеріссіз алынды. Фейзбуктегі «Humans of New York» парақшасында жақында жарияланған Аяның оқиғасы туралы жазба бақырайған көздер мен тік қатқан ойларды төңкеріп тастады. Және мені де, сондықтан онлайн дос болып, мың бір түннің ертегілерін тыңдап қысылған уақыт үстінде отыра бердім.
Оның құлағы жанұшыра шыңғырып шулаған адамдар мен күн сайын төбеден құлайтын тұрақты дүмпудің айқасқан дауыстарына әбден көніп алған. Анасы мен бір бауырының осындай шудың астында ғайып болғандарына біраз жылдар өткен, ал әкесі туралы тіпті ештеңе білмейді. Бірақ, «Құдайдың жолында кетті» деген миына сіңіп қалған тіркес әкесінің өлгенін білдірмейтіндігін түсінетін. Ол кішкентай лашықтың ішінде қойнына тығылып отырған қалған төрт бауырының өмірі үшін жанталасып жатты. Ол таң ата бәрі тыныштала бастағанда ұйқыға кетті.
1-Түс. Ол басқа жерде. Өзі білетін алты материктің ешқайсысына ұқсата алмады. Аяғының асты тастақты қоңырқай жер, артына қараса мұзды, қар басқан тік жартастар көрінеді, алдына қараса шексіз алып жатқан су, көз жетпейтін кеңістік. Әдетте көзінен басқа бүкіл жүзін жауып тұратын орамалы ашық қалғандықтан салқын, тап-таза ауаны емін-еркін жұтты. Алдына қарай адымдай бергенде алысырақ тұрған белгісіз бір жігітті көрді. Оның алдына сондай көрікті адам тұрды. Ол өзінің кір басқан, ескірген көйлегінен ыңғайсызданып алдыға қарай қозғала алмады.
Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді, бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін.
2- Түс. Ол тағы басқа жерде. Енді оның үстіндегі көйлегі ақшылдау және жарасымды болатын. Ол алдыға қарай адымдады. Белгісіз келбетті тұлға да оған жақындай түсті. Ол қатты таңғалып тұрды. Жігіт оның көйлегінің жеңі қызыл боп тұрғанын көріп, ақырын ұстап ашты. Оның жараланған шынтақ жағынан аққан қанның киіміне жабысып қалғанын байқады да, қайта жапты. Қыздың көздерінде жігіттің жанашырлық мейірімге толы жүзі сақталып қалды.
Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді, бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін. Кеше түндегі шуда жаралап алған шынтағындағы қан қатып қалған, ауырсынбайды да. Түсінде осы жарасын көрген сияқты болады, бұлыңғыр ойлардан елестете алмады.
3- Түс. Ол тағы басқа жерде. Ол тағы сол орынында жігіттің алдында тұр. Күліп қарайды. Жігіт оның жүзінде жағылып қалған (түнде тамақ пісірген қырық жылдық қазанның) қара күйесін алақанымен сүртті.
Ол жерге құлаған қатты жарылыстан шошып оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді, бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін. Қанша тырыссада, жігіттің бейнесін елестете алмады. Ол түнді күтті. Сақтап қойған бар жақсы көйлегін киіп, бетіне бар бояуын жағып, әшекейлерін тағып төсекке жатты. Ұйықтап кетті.
4- Түс. Ол тағы басқа жерде. Ол тағы сол орынында жігіттің алдында тұр. Өзін әдеттегіден жақсы сезінеді. Жігіт оған ерекше ынтыға қарап тұрды да, маңдайынан сүйді.
Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін. . Қанша тырыссада жігіттің бейнесін елестете алмады. Ол оянуды қаламайды. Тіпті көздері мөлдіреп өзіне қарап отырған бауырларын тастап мәңгі ұйықтап қалғысы келетін сияқты күйінседе түн күзетіп балалардың амандығын қорғаштайды. Тек таң ата көзі ілінді.
5- Түс. Ол тағы басқа жерде. Ол тоңып қалған еді. Жігіт оны құшақтады.
Ол: Біз қайдамыз?
Жігіт: Буве аралында
Ол жігіттің айтқанын түсінбеседе жер бетіндегі барлық шудан алыс жатқан бұл жер ол үшін нағыз жәннат сияқты көрінді.
6-Түс. Ол басқа жерге келмеді.
7-Түс. Ол басқа жерде. Ол ықылықтай бастады.
Жігіт: «Біз ықылық екеуіміз суға бардық. Ықылық суда қалып қойды, мен қайтып келдім» осылай қайтала, басылады.
Ол: «Біз ықылық екеуіміз суға бардық. Ықылық суда қалып қойды, мен қайтып келдім.»
Ол жерге құлаған қатты жарылыстан шошып оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді.
НЕРД
(The Nerd)
Қорқыт дүниені,
«Өлгендер қайтып келмейді»
Ол Slashdot.org сайтын ақтарып отырды. Миы бұзылып кетті. Алдындағы старбакс кофесінің иісі оны дем алуға ертті. Көзілдірігін алып сығырайғандарға еркіндік бермекші еді, компьютердің хабарламалық сигналы оны селк еткізді де қайта экран алдына әкелді. Стэнфорд университетіндегі онлайн курстасы Джек Лойдтың ыржиған езуі оның да күлкісін келтірді.
Онлайн дос — «Біз шынтуайтында ашкөздік, ашу-ыза, менмендік, жалқаулық, нәпсіқорлық пен ақымақшылық, әдетте, әдептілік, пәктік, төзімділік, әділдік пен ақылгөйліктен гөрі адамдарға көбірек пайда әкелетіндігін көреміз де, осыдан кейін, ең құрығанда, адам болып қалардай таңдау жасауымызға тура келетіндіктен… неге ғана бізге зұлымдыққа аз да болса қарсыласуға тырысып көрмеске — тегі қаһарман атымыз шығып кетуі қауіп болса да.»
Роберт Болт
Ол: Бұл не?
Онлайн досы: Не ойлайсың?
Ол: Негізі ойлану керек жазба ма еді? Кешір, бірақ мені қызықтырмады.
Онлайн досы: Бұл жазбаны маған Техас штатындағы философ танысым жіберді.
Ол: Философия меніңше, түкке тұрмайды.
Онлайн досы: Мен оған екеуміздің дайындап жатқан жобамыз туралы айтқан едім.
Ол: Не дейді?
Онлайн досы: Қолдады да артынан осы жазбаны жіберді. Роберт Болт дегенді білмейтін едім, гуглдің айтуынша алып бара жатқан әулие емес, тіпті ешкім де емес сияқты.
Ол: Қайта бір оқып шықтым, түсінуге қиын мәтін бірақ соңғы сөйлемі ұнады.
Онлайн досы: Біздің осы жазға үлгіретінімізге сенімдісің бе?
Ол: Егер ауа, су, күн туралы ойламасақ!
Онлайн досы: Бізге Питер Норвигпен жақсылып кеңесу керек.
Ол: Қазір саған соңғы аптада дайындаған формула бойынша жасалған жұмысты жіберем. Реакцияны анықтап бірнеше рет қарауға тырыс, видео сапасыздау еді.
Онлайн досы: Жарайды.
Олар ауа райы туралы сөйлеспеді.
Оған дәретханаға бару керек. Өзін итергендей бөлмеден зорға шықты. Үйдің ішінде қонақ барын енді білді. Адамдар көбейіп кеткен сияқты, көңілді шу оған аса ұнай қоймады, өз-өзіне тығыла түсті. Оның көз алдында кішкентай бөтен балалар жүгіріп жүрді. Есігі ашық тұрған ас бөлмеде отырған бірнеше әйелді көрді. Ішіндегі анасы қайсы, басқасы қайсы жақсы тани қоймасада бәріне бірдей суық амандаса салды. «Ой, біздің Телқоңыр, келе ғой, шай іш» деген жамырай шыққан сөздер оған біртүрлі оғаштау естіліп кетті. Жымиюға икемсіздеу біткен езуін сәл тартуға тырысты да, оң қолын көтерді де зу етіп өте шықты. Оның бар білдірген ишараты осы болды. «Телқоңыр» деген дауыс құлағына қайта жаңғырып келді. Оның бұйралау, тығыз орналасқан шашы мен сарғыштау түріне қаратып туыстары солай атап кеткенін білетін, бірақ «Телқоңыр» деген сөзді ешқашан түсінген емес.
Өз бөлмесіне кіріп енді ғана еркін дем ала бастады. Бір қабырғаны алып тұрған жұмыс үстеліндегі химиялық сұйықтықтарға толған ыдыстар мен тәжиірбеге арналған физикалық түрлі заттардан шыққан иіс оған тіпті жағымды көрінетін. «Адам ағзасының жаңа қуаты» деген жазуы бар, қабырғада ілулі тұрған үлкен қағазға жақындап келді. «22» әріптен құралған осы төрт сөз оның бүкіл жұмысы мен өмірінің мәніне айналып кеткелі қанша уақыт өткенін есіне түсіре алмады. Онлайн досы екеуі бұл жобаларын осы жазда Силикондағы зерттеу орталығына ұсынуды жоспарлап қойған.
Оның жаны терледі. GED/ J D_ _S: + + >: a _ _ C + + (+ + + +) ULU + + P+ L+ + E _ _ _ _ W + I — )
Жарық сөніп қалды. Ол компьютер алдында отыра берді. Бес минуттай тыныштықта күтті, бірақ енді шыдамы таусыла бастады. Бөлмесінің есігін ақырын ашып көріп еді, үй ішіндегілер шам жағып алып, баяғыдай шуласып жүр. Ол бұл жарықтың өзіне пана болмайтынын біліп, есікті жауып тағы отыра берді. Бөлменің тас қараңғылығы мен тыныштығы оны қиялға батырды. «Адам ағзасының жаңа қуаты» ол бұл сөйлемді дауыстап қайталай берді. Өзінің іздеген «қуаты» арқылы болашақта адам баласының өлімсіз, аурусыз өмір сүретініне ол қатты сенетін.
ОЛ: Өлімсіз, аурусыз өмір, өлімсіз, аурусыз өмір тағы өлімсіз, аурусыз өмір «жаңа әлемді» тудырады.
Оның жаны терледі. Құлағына зарлы үн естіле бастады. Тас қараңғылық пен тыныштық оны жеп барады. Бірақ зарлы үн қаттырақ естіле бастады. Бұл дала желінің қамысты қуыстарға сығылып шыққан даусына ұқсайтын еді, ол байқамасада. Үй ішіндегі бөтендерден шыққан әлдебір түсініксіз музыка болар деп есікке жақындап көріп еді, ар жақтан тек шулаған адамдардың бытып- шытқан әңгімелері ғана естілді. Барған сайын зарлы үн оның терісінен ішіне қарай өтіп барады. Ол құлағын басып қуыс-қуысқа тығылып әлектенді, бірақ дауыс оны жұтып бара жатты. Жарық келуге асықпады. Ол бұл музыканы шексіз жек көріп кетті. Бұл дауыс бөтен емес екенін сезе бастады. Ол бөлменің қысымына шыдай алмады, есікті айқара етіп ашты да далаға қарай жүгірді. Баспалдақтардан аяғы көтеріліп ұшып келе жатқандай көрінеді. Ол дала ауасына кіріп кетті.
Қыстың қаңтар айы, бірақ сыртта жаңбыр жауып тұрды. Алматының ауа райы туралы ол ойланып көрмеген еді.
Оған көшедегі көліктердің дауысы, жаңбырдың дауысы ештеңе естілмеді. Ол құлағында зарлы үннің әлі сызданып тұрғанын байқады, бірақ сырттан емес, өзінің ішінен шығып жатқандай жақын еді. «Өлімнің зары» оны жұтып бара жатты. Оның жаны терледі, жаңбыр астында жүгіре берді.