Журнал "ТАМЫР" Выпуск №48 (2019-2020), Журнал Тамыр, ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ, Рубрики журнала

Мерей Қосын. Nomos: Тұрақсыздық машинасына жауап

Мерей Қосын – журналист, драматург, тәуелсіз зерттеуші

Сурет авторы — Шоқан Уәлиханов

      Бұл болашақтағы ауқымды ғылыми жұмыстың тек кіріспесі болғандықтан кейбір айтылған ойларды, ұғымдарды тереңірек талдау, жеткілікті анықтама беру бұл шағын мақаланың міндетіне кірмеді. Сонымен қатар, тағы бір ескеру керек жайыт ол- бұл мақалада ұсынылатын ғылыми тұжырымдамалар Қорған гипотезасына (Kurgan hypothesis) сүйенгендіктен көшпенді өркениеттің өкілі ретінде мысалға алынатын халықтардың географиялық шекарасын алдын ала анықтап алу өте маңызды, бұл территория қара теңіздің солтүстік бөлігінен басталып, солтүстік шығысқа қарай, каспий теңізінен жағалай созылып, орал өзені бойын басып өтетін далалық аймақтарды құрайды. Әрі бұл мақала негізгі зерттеу әдісі ретінде лингвистикалық талдауды алып отырғандықтан америка, африка, австралия материктерінің болмаса шығыс, оңтүстік шығыс Азия көшпенді халықтарының үлестерін толық қамти алмайды, тіпті белгілі бір дәрежеде бұл аймақтардың еурозиялық көшпенді өркениетпен байланысы болғаны туралы ғылыми болжамдардың  бар екенін ескерсек те.  Себебі бұл жағдайда тарихи-архиологиялық сілтемелер жасауға тура келеді де, бұл жұмыстың негізгі мақсаты болып отырған Nomos сөзінің айналасында өрбитін негізгі идеялар шашырап кетуі мүмкін.

  Жил Делөз (Gilles Deleuze) бен Феликс Гуәтағидың (Félix Guattari) «Капитализм және шизофрения» (Capitalisme et Schizophrénie) атты бірлескен екі томдық ғылыми еңбегінде ұсынылған ең маңызды концепциялардың бірі ол- ризома («Mille plateaux» кітабы).  Бұл концепцияны талдаудың қазір біз үшін маңыздылығы туралы сөз қозғамас бұрын ең алдымен «Nomos» сөзі төңірегіндегі ойлардан бастасақ. «Nomos» сөзін Делөз бен Гуәтағи  әртүрлі элементтерді ол мейлі адам болсын, ой немесе кеңістіктің өзі болсын, бәрін белгілі бір ұйымға, тұрақты құрылымға бағынбайтын етіп орналастыру үшін қолданады. Яғни бұл дегеніміз заттардың орталық құрылымға бағынбай, еркін бөлінуін білдіреді. Негізі ежелгі грек тіліндегі «Nomos» (νόμος) сөзі заң деп аударылады. Бірақ Делөз көшпенді туралы өз идеяларын түсіндіру үшін «Nomos»-тың заң деген мағынасын емес,  бұл сөзбен шығу тегі жақын етістіктер: «nem», «némō» (νέμω) деген сөздерді алады. Бұл сөздер ежелгі грек тілінде «бөлу», жерге, жайылымға қатысты «жайю, мал жаю» деген мағына береді. Осы мағынасын ала отырып Делөз Nomos сөзін белгілі бір құрылымсыз еркін бөліну деп тұжырымдайды және оған гректің logos сөзін қарсы қояды. Logos -оның анықтамасы бойынша «себеп, заң» әрі бұл өте байыппен, дәл құрылымдалған, қатаң ұйымдастырылған бөлінуді білдіреді және Делөз оны еркін, анархиялық бөлінетін Nomos пен салыстыра отырып талдайды. Сөйтіп, ол осы анархиялық бөліну «Nomos» — ты Nomad (фран:nomade) пен байланыстырады. [3] Көшпенділердің жермен және оны бөлумен ерекше байланысы бары рас, бірақ бұл Делөз ойлағаннан мүлде басқа еді. Бұл туралы ризома концепциясына жеке тоқталғанда, тереңірек анықтама беретін боламын.  Ал сонымен, Делөздің өз идеяларын жеткізудің құралы ретінде таңдап алған сөздерге оралайық. Бұл жайылымға, сол жайылымдағы бөлінуге байланысты «nem», «némō» сөздері. Осы жерде өте орынды сұрақ туындайды, неге ол «Nomos» сөзінің заң деген мағынасын ала бермейді, керісінше ол жерге қатысты мағына беретін қосымша нұсқасын алады. Тіпті заң ретінде logos сөзін алады. Біріншіден, оның «ризома», «децентрализация», «детерриториализация», «мүшесіз дене» (body without organs) сияқты идеяларын орнатуда «Nomos» тың бұл нұсқасы оған өте жақсы дәлел, мысал бола алатын еді. Әрі еуропалық азамат ретінде оған көшпенділерді тануда бұл нұсқа көбірек түсінікті, жеңіл. Себебі номад сөзінің «тұрақты мекені жоқ халық» деген бүгінгі күнгі қолданыстағы мағынасы бұл 14-17 ғасырлар аралығында дәл француз тілінде пайда болған.  Бұл француз модерн тілінің қалыптасу дәуірі яғни «moyen français» деген кезең болатын және дәл осы кезде «nomade» деген атаудың қалыптасуы да бұл сөзжоқ сол кездегі ориенталистік көзқарастың нәтижесі еді. Бәріміз білетініміздей, бұл уақытта енді ғана американы ашқан еуропа жаңа дәуірге аяқ басып, жер бетінде өзінен асқан «өркениетті» ел жоқ екеніне әбден көзі жетіп, екінші, үшінші әлемдерді бөлісуге ниеттенген кезі еді. Сөйтіп, сол кездегі француздар көшпенді өркениет ең артта қалған, жабайы, тұрақты баспанасы жоқ (тіпті бұл ол халықтың табиғи өмір сүру салты екенін аңғармастан)  деген мағыналарды бір ғана «nomade» сөзіне сыйдырды, ал  бұл өркениеттің бастапқы атауы болған «Nomos» сөзінің қайдан шыққанына бас қатырудың өзі ақымақтың болып көрінген болар. Ал Делөз көшпенді өркениетті романтизациялап, одан өзінше бір «ғажайып әлем» жасағысы келсе де (бұның өзі ориенталистік әрекет), бәрібір еуропалық ориенталистік көзқараста қалыптасқан ұғымдардан шығып кете алмаған. Ол өзіне ең түсінікті нұсқаны алды да, сонымен өзінің идеяларын байланыстыруға тырысты. Ал енді біз Делөз назардан тыс қалдырған, аттап өткен, Nomos сөзінің «заң» деген мағынасының қайдан шыққанына тоқталамыз.

    «Nomos» сөзі көне грек тілінде  «νόμος nómos», халықтың мінез- құлқын басқаратын заң жинағы дегенді білдіреді. Көне грек мифологиясында Nomos заң рухы, заң құдайы болған (оның әйелі Eusebia-ден туған қызы Dike әділеттік құдайы). Ал көне грек әлеуметтануында бұл сөз қоғамдық тұрғыдан құрылымдалған әлеуметтік саяси мінез- құлық әдеттерін білдіреді. Бұл тек нақты заңдарды ғана емес, күнделікті өмірде тұрақты қолданылатын адамдар арасындағы қарапайым, әдеттегі ережелерді де қамтиды. Бұл сөз этикалық өлшемдерге негізделген әлеуметтік құрылымды білдірген.[9] Сократқа дейінгі грек философиясында ең үлкен талас тудырған, ең көп талқыланған екі ұғым бар және сол екі ұғым айналасындағы тартыс этика, қоғамдық келісім сияқты күрделі мәселелердің ең алғашқы бастауы болды. Сол ұғымдардың бірі Phusis (гре. φύσις) -табиғат, бір нәрсенің табиғаты деген мағына береді, екіншісі біз айтып отырған заң деген мағына беретін Nomos (гре. νόμος). Бұл заңның ішіне жазылған, жазылмаған, дәстүрлі әлеуметтік келісімдер де кіреді. Софистер бір -біріне мүлде қарама- қарсы деп есептеген бұл ұғымдарды адамның терең табиғатын түсіну үшін қолданған. Олар әсіресе құлдық, гендерлік рөл, тіл, дін сияқты тақырыптарды талдауда осы екі ұғымды пайдаланған, мысалы, олар дінді қоғамды бақылауда ұстау үшін қолдан құрастырылған сенім, заң деп түсінген.[8] Яғни бұл жерде Nomos қоғамдық тәртіпті сақтау үшін кейде заттың шынайы табиғатына қарсы да құрастырылатын заңдар, ережелер дегенді білдіріп тұр. Дегенімен, осы Nomos сөзінің түп төркінін әбден зерттеген Мартин Остуалд (Martin Ostwald) өзінің «Nomos және Афина демократиясының бастауы» (Nomos and the Beginnings of the Athenian Democracy) атты еңбегінде Афиналықтар б.э.д. 5 ғасырдан бастап Nomos сөзін жарғы, заң (statute) деген мағынасында мемлекеттік басқару ісінде қолдана бастағанын айтады, алайда неге дәл осы сөз таңдалды деген сұраққа автор «грек тілінде бұдан басқа заңды, қоғамдық ережені білдіретін ешқандай сөз болмаған» деп түйіндейді.  Олимп құдайлары дәуірінен бері қоғамдағы қарым -қатынас нормаларын білдіріп келген осы Nomos сөзі кейін Солонның (Solon) саяси демократиялық реформациясы кезінде модерн түсініктегі «заң» деген этимологияға айналды. Сондай -ақ, автор «Nomos -қа жауапкершілік тән; ол адамның еркіндігіне бағынады; бұл заң жүйесі үйлесімді қоғам құру үшін жұмыс істейді; ол жоғарғы моральдық қағидаларға құрылған» деп келтіреді.[9] Әрі қарай бұдан кейінгі уақытта пайда болған Жаңа өсиет грек лексикологиясында Nomos сөзі жиі кездеседі және ол жерде де бұл сөз  «заң», «ереже» деген мағына берген.

Сурет «The Kosmos Society» сайтынан алынды. Суретте Афина демократиясының негізін қалаушы Солон (Solon). Ол «Nomos» сөзінің «әдет ғұрып заңдары» деген мағынасын модерн түсініктегі «заң» деген этимологияға айналдырған.   

    «Nomos» сөзінің заңмен қандай қатысы бар екенін терең түсіну үшін алдымен  Nomos сөзінің қазіргі тілдердегі қолданысы мен мағынасын қарап көрсек. Қазіргі түркі тілдес халықтар ішінде бұл «Nomos» сөзі әлі күнге дейін сақталған және фонетикалық, орфографиялық жағынан бір- біріне өте жақын:  Өзбек -nomus, түркімен -namys, тәжік  -номус, Әзірбайжан -namus, қырғыз -намыс, түрік –namus, қазақ- намыс. Әрі бәрінің беретін мағынасы бір ол- намыс, яғни адамның абройы, атағы, рухани беріктілігі, тұрақтылығы, белгілі бір орынға, лауазымға, құрметке лайық болуға тырысуы дегенді білдіреді. Сондай ақ, бұл сөз парсы, курт, урду тілідерінде де осы мәндес мағына береді.

     Ал, Үндіеуролық роман тілі тобына жататын: Италия, Истрорумын, Галисия,  Миранд, бавария тілдерінің этимологиясында «nome» (прото үндіеуропалық «*h₁nómn̥») деген сөз бар. Бұл біз айтып отырған көне гректің Nomos (νόμος) сөзімен түбірлес, яғни бір түбірден шыққан бірақ әртүрлі мағына береді. «Nome» сөзінің мағынасының екі нұсқасы бар, ең жиі кездесетіні ол- ағылшын тілінің «name» сөзімен мәндес, бір нәрсенің аты, атауы дегенді білдіретін нұсқасы, екінші мағынасы репутация, абырой дегенді білдіреді.[5]  Дәл осы екінші нұсқасының жоғарыдағы «намыс», аброй сөзімен тікелей байланысы бар.

     Енді Араб тіліндегі нұсқасына қарасақ, оларда Nomos сөзіне ең жақын сөз «Nāmūs»  (ناموس) сөзі, бұл этикалық категорияның концепциясы.[4] Бұның да аудармасы дәл жоғарыдағы тілдердегідей, яғни абырой, репутация. Зерттеуші Robert Ermers айтуынша, бұл сөз моральдық репутацияны білдіреді. Қоғамда тұлғаның белгілі бір топ ішіне кіруі үшін бұл моральдық репутация үлкен рөл ойнайды. Кейбір деректерде бұл сөзді ислам дінімен байланыстырады, бірақ бұндай ойды негізге алу исламға дейінгі көшпенді дала өркениетінің жетістіктерін, тіпті бұл өркениеттің бар болғанын жоққа шығару болар еді. Ал кейбір деректерде «намыс» сөзін адамның сексуальдық мінез -құлықының бір сипаттамасына жатқызуға тырысады, яғни бұны тек әйел жынысына тән ерекше жауапкершілікпен байланыстырады. Бірақ бұл анықтама тек бергі уақыттағы, орта ғасырлық патриархалды биліктің күшейген кезінде өзінің бастапқы мағынасының бұрмалануынан, өзгеруінен пайда болғанын естен шығармау керек. Әрі бұл «намыс» сөзінің кең мағынасына жасалған қиянат, шектеу болар еді.

      «Nomos» сөзінің бүгінгі күнге дейін әртүрлі тілдерде бірдей мағынада  сақталып келуі бұл кездейсоқтық емес. Осы сөзден тікелей таралған немесе түбірлес сөздердің бәрінде бірдей намыс, абырой, лайықты болу, мәртебе деген мағыналары бар екенін көріп отырмыз. Әсіресе бұл сөздің осы мағынасы көшпенді өркениеттің өкілі болған дала тұрғындарының тілінде анық сақталған және дәл осы сөз бізге сол халықтардың тарихи этникалық болмысынан, мінезінен, таным түсінігінен хабар бере алады. Бұлай дейтін себебіміз дала тұрғындарының әлеуметтік басқару құрылымы бұл қатаң моральдық ұстанымдарға негізделген. Намыс ұғымы да сол жазылмаған дала заңдарының ең маңызды бөлшегі болған. Әр бір адамның намысқа ие болуы бұл оның рухани құндылығының өлшемі саналған, әр тайпа өзінің әрбір мүшесінен осындай жоғарғы рухани құндылыққа ие болуын қатты талап ететін, ал егер ішінен біреу бұған лайықсыздық танытса, тайпаның заңына бағынбаса оны қатаң жаза күтетін. Бұл біз білетін түрмеде орындалатын физикалық жазалау емес, бұл әлеуметтік өлім. Олар үшін әлеуметтік өлім, елден қуылу бұл ең ауыр үкім есептелінетін. Байқап отырғанымыздай, Nomos бұл дала халықтары үшін жай ғана рухани құндылық сезімі емес, бұл әлеуметтік басқару жүйесінің ең негізгі заңдарының бірі, бұл олар үшін соңғы сәттегі қозғаушы күш, дала жауынгерлерінің «адамдық борыш» деп аталатын терең мотивациясы. Яғни ежелгі грек тіліндегі «Nomos» сөзінің заң деген мағынасының қайдан шыққанын енді түсінуге болатын шығар. Бірақ осы жерде заңды сұрақ туындайды, сонда ежелгі гректер бұл сөзді дала тұрғындарынан алған ба, әлде дала тұрғындары олардан алған ба? Бұның жауабын 1950 жылы Мария Гимбутас (Marija Gimbutas) өзінің Қорған гипотезасы арқылы берген болатын.

     Егер Қорған гипотезасына сүйенетін болсақ, прото үндіеуропалық (бұл ежелгі гректерге дейінгі тіл тобы) тілдің шығу тегі және сол тілде ең алғаш сөйлеген халықтардың орналасу аймағы бұл қара теңіздің солтүстік бөлігінен басталып, солтүстік шығысқа қарай, каспий теңізін жағалай созылып, орал өзенін басып өтетін далалық аймақтарды қамтиды. Бұл шекараларға қазіргі шығыс еуропа мен Азиялық түркі халықтарының жері кіреді. Қазіргі батыс еуропалық тілдердің шығу тегі көшпенді дала тұрғындарының мекенінен бастау алатынын дәлелдеген бұл идея бірнеше рет ұсынылғанымен (Otto Schrader (1883) және V. Gordon Childe (1926)) тек 1950 жылы ғана ғылымда прото үндіеуропалық тілдің шығу тегін түсіндіретін негізгі теория ретінде қабылданды. Бұл теорияға сүйенсек, бастауын прото үндіеуропалық тілден алатын «nomos», «nem», «némō», nome» деген сөздердің барлығының қалыптасуында белгілі бір дәрежеде көшпенді халықтардың, оның ішінде түркі тілдес халықтар тілінің ықпалы болғаны байқалады. Егер бұл жорамалымыз дұрыс болса, онда ежелгі гректердің тілінде «nomos» сөзінің халықтың мінез- құлқын басқаратын заң жинағы деген мағынасы осы түпкі «намыс» деген сөзден шыққанын байқауға болады. «Nomos» немесе «намыс» бұл көшпенді халықтар үшін қоғамды басқаратын жазылмаған заң екені жоғарыда айтылды. Сонда бұл сөздердің жайылымға,  жерге қатысты мағынасы қайдан шыққан? Нақты деректерге сүйенгенде жайылымға, жайылымды бөлуге қатысты   «nem», «némō» сөздерінің шығу тегі бұл прото үндіеуропалық тіл.[5] Яғни бұл сөздердің барлығының тілге ену уақыты прото үндіеуропалық кезең. Бірақ көшпенді дала тұрғындарының тілінде бұл сөздермен байланысты жерге қатысты сөздер жоқ екенін ескерсек, бұл сөздер шамамен отырықшы еуропалық топтағы халықтардың тілінде пайда болған деп жорамалдауға болады. Бірақ жайылымға қатысты сөздер Nomos  немесе намыс сөзімен неге бірігіп кеткенін былай түсіндіруге болады: рас, көшпенді халық үшін жер, жайылым ерекше маңызға ие болатын, тіпті оларды басқаратын намыс сияқты моральдық қағидалар көбінде жермен байланысып кететін.  Асқақ рухани құндылықтар ол адамның туған топырағы алдындағы парызы әрі оған деген адалдығымен өлшенетін. Көшпенділер жерді бөлетін, маусымдық жайылымдар үшін малдарын айдап, «көктеу», «жайлау», «күзеу», «қыстау» деген белгілі бір аймақтар арасында көшіп жүретін. Бірақ олар төрт мезгілдің ауысуымен бұл жерлерге мәңгілік қайта айналып отыратын. Ия, олар кеңістік арқылы өлшенетін уақыт (spatial) ішінде мәңгілік айналып көшіп жүре беретін. Және олар ешқашан бұл жерлерден алыстап ешқайға кетпейтін немесе қайта оралу кезінде жаңалысып қалмайтын, себебі олар өздерінің кіндігін сол жермен, ал жерді намыспен байланыстыратын. Кейбір деректерде кездесетін «nem», «némō» сөздерінің «бөлу» деген мағынасы бұл жайылымды ру тайпалық аймақтарға бөлуді білдіреді.[5] Яғни бір тарихи кезеңде қалыптасқан бұл түбірлес сөздердің бір- бірімен ерекше байланысы және көшпенді өмірге тікелей қатысы болуының мәні осында жатуы мүмкін. Сонымен, бәріміз мойындап отырғанымыздай, қазіргі номад сөзінің мағынасы бұл еш мақсатсыз бас ауған жаққа көшіп жүре беретін тамырсыз халық деген түсінікпен алмасып кеткен. Батыстың ориенталистік, гегемониялық көзқарасының кесірінен көшпенді өркениетін тек сырттай, парықсыз, үстірт тану арқылы қалыптасқан бұл түсінік дала тұрғындарының ішкі болмысын, терең дүниетанымын жоққа шығаратын, мүлде жалған ұғымдардың тууына себеп болды.  Делөз де өз кезегінде бұл жалған түсініктерді қайта өңдеп, өз заманының талап тілектеріне лайықтап әрі қарай дамытты. Делөз Nomad сөзінің шығу тегі болған Nomos сөзінің қайдан пайда болғанына бас қатырғысы келмеді, бұл сөздің жермен байлынысының түп төркіні туралы оған тіпті ойланып жатудың қажеті болмады, себебі оның алдында дайын батыстық анықтама тұрды: «көшіп қонып жүре беретін тамырсыз халық». Ал бұндай түсініктер мен ұғымдар постмодерн дәуіріне аяқ басып жатқан батыс үшін саяси- әлеуметтік, гуманитарлық салалардағы қатып қалған ережелерді жібітуді мақсат еткен идеяларды орнатуда, таратуда жақсы құрал бола алатын еді. Батыстық мемлекеттің репрессивті аппаратына қарсы, барлық салада барынша еркін құрылымды, еркін ұйымдастыруды дәріптейтін бұл идеялар 50-60 жылдары басталған демократиялық, либералдық әртүрлі қозғалыстардың қолдаушысы болды және дәл осы идеялар батыстың саяси -әлеуметтік, экономикалық өміріндегі өзгерістерге ерекше ықпал еткен еді. Бірақ осы жерде біз өте ұқыпты назар аударуға тиіс нәрсе бар, ол-  Жил Делөз бен Феликс Гуәтағи өз кезеңінде, өз қоғамындағы сұрақтарға жауап іздеді және өз майданында тұрып көшпенді өркениетінен осы сұрақтардың жауабын тапқандай болды. Бірақ олар көшпендінің өзі кім, оның ішкі сезімі, болмысы, қорқынышы, әлеуметтік -саяси мәселесі не дегенге мүлде бас қатырмады, тіпті бұл олар үшін маңызды да емес еді. Ал олар үшін ең басты мақсат ол -батысты сол кездегі дағдарыстан алып шығудың теориялық жолдарын табу болатын. Нәтижесінде көшпендінің өзі көргісі келген ерекше бейнесін жасап шықты: көшпенді – ризома, тұрақсыз, шексіз еркін, шекарасыз, орталықсыз, құрылымсыз. Бірақ бұл сипаттамалардың қаншалықты шын, дәл, әділ екеніне терең тоқталудан гөрі олар үшін сол кездегі батыс әлемінің талап- тілегіне, бағытына қарай жаңа концепциялар ойлап табу, сол арқылы дамудың жаңа сатысына аяқ басу негізгі мақсат болған еді. Олар үшін көшпендінің өзі зерттеу «объектісі» күйінде қала берді. Бұдан шығатын қортынды, постмодернизмнің ең басты концепцияларының бірі болған «ризома» бұл бар болғаны жалған түсініктерден шыққан, қолдан құрастырылған батыстық ориенталистік ойдың жемісі ғана. Nomad (nomos) сөзі және соның негізінде қалыптасқан далалық өмір сүру салты бұл батыс ойлағандай, батыс күткендей ешқандайда еркіндіктің, тұрақсыздықтың, тамырсыздықтың синонимы бола алмайды. Бұл ойымызды жалғастырмас бұрын, ризома концепциясына Делөздің өзінің берген анықтамасын еске түсіріп алсақ: ризома бұл антигенеалогия. Бұл қысқа мерзімді жад (short- term memory) немесе антижад (antimemory). Үстірт (бұл жерде географиялық атау) әрқашан орталықта, оның бастауы немесе аяқталуы жоқ. Ризома осындай үстірттерден құралған.[7] Әрі қарай осы сипаттағы анықтамалар жалғаса береді.    

     Көшпенділердің бір жерден екінші жерге көшіп, орын ауыстыруы олардың ерекше еркін болғандықтарынан емес, климаттық жағдайға байланысты олар жай ғана солай өмір сүруге мәжбүр болды. Яғни номадты еркіндіктің синонимы деуге еш негіз жоқ. Жалпы, батыстық дуалистік көзқараспен (бұл жерде Бергсонның әдісі туралы) қарау біздің зерттеп отырған заттың ішкі терең ерекшеліктерін көруге кедергі жасайды, біз тек көзге айқын көрінетін сыртқы ерекшеліктерді салыстыруға тырысамыз және бәрін тек салыстыруға мүмкіндік беретін белгілі бір шекара ішінде ғана қарастырамыз. Ал нәтижесінде біз  зерттеп отырған дүниеміздің салыстырмалы түрде қарағанда назарға ілінбей қалатын нәзік, ішкі қатпарларын байқамай қаламыз. Сол сияқты Делөз бен Гуәтағи бастапқыда Бергсонның дуалистік әдісін алып алғандықтан да, олар көшпенді мен отырықшы мәдениетті тек салыстыруға келетін жақтарымен ғана салыстыра отырып зерттеді. Нәтижесінде олар өздерінің алдына бастапқыда сызып алған мақсат, әдістерінің шекарасының ішінде қалып қойды. Әрі олардың айтқандарының көбісі сол өркениеттегі тек белгілі бір топқа ғана тиесілі немесе бір топтың белгілі бір мінез- құлқының сипаттамасы ғана.[1] Сонымен қатар, олар бұл сипатамаларды сол кезде көшпенділік өмірдің тікелей емес, жанама, кезеңдік куәгері болған белгілі бір әлеуметтік топтардың ерекшеліктерін негізге ала отырып жазып шыққанын тіпті өздері де мойындайды.[2] Негізі антропологияда көшпенді халықтарды бес топқа бөледі. Ия, Делөз бен Гуәтағи ғылымдағы бұндай топтастыруды біле отырып, белгілі бір этникалық топтардың ғана ерекшеліктерін негізге алып тұжырымдар жасаған болуы мүмкін, бірақ ең үлкен мәселе осы жерде басталады. Олардың осындай тар шеңбер ішіне белгілі бір топтардың ғана сипаттамаларын бөліп алып зерттеу тәжірибесінің нәтижесінде бүтін бір өркениет туралы күдік тудыратын, жалған түсініктер қалыптасты, себебі олар ұсынған осы сипаттамалар көшпенді өркениетке жалпылама тән дүние ретінде қарастырылып кеткен болатын. Көшпенді өркениеті өзінің шынайы бастауында батыс еліктегісі келген болмыстан мүлде бөлек, батыс анық көре алмаған, аша алмаған әлем еді. Егер осының бәрін ескере отырып Делөздің кейбір идеяларын тарихи қателік деп ұғар болсақ, онда бұл қателіктердің негізі қайдан шыққанын түсіну маңызды, сол үшін көшпенді өркениеті туралы ойларымды Орталық Азия далалық аймақтарына қарай бұрғым келіп отыр. Себебі кез- келген ресми ғылыми дереккөздерге сүйенсек ең алғашқы көшпенді империясын құрған ол -Скифтер. Әрі аумағы жағынан да көшпенді өркениетінің ең негізгі, басты өкілі бұл Орталық Азия көшпенділері. 




Сурет авторы — Шоқан Уәлиханов

    Logos жүйелі, құрылымдалған бөліну, ал nomos ешқандай жүйеге, құрылымға бағынбайтын еркін бөліну деген Делөздің бұл тұжырымынан оның дала тұрғындарының «шежіре» деп аталатын терең әлеуметтік құрылымынан және «жеті ата» деп аталатын дәстүрінен мүлде хабарсыз екенін байқаймыз. Батысқа беймәлім бұл далалық әлеуметтік құрылым ішінде өмір сүретін көшпенді малының қамы үшін жайылым іздеп басы ауған жаққа кете алмайды, себебі көшпенділер даласы шежірелік жүйе бойынша шекараларға бөлінген. Бұл шекаралар намыс сөзімен тікелей байланысты, олай дейтін себебіміз кез -келген көшпенді тайпа тек шежірелік жүйе бойынша өзіне ата -бабасынан бері тиесілі жерге ғана ие болатын, жерді, жайлымды қорғау, сақтау, оны келесі ұрпаққа қалдыру сол тайпа үшін өте үлкен моральдық жауапкершілік болатын. Бұндай далалық әлеуметтік қарым- қатынастарды оның ішінде дәл осы жер мен моральдық заңдардың байланысы туралы ақпараттарды сол көшпенді халықтың ауыз әдебиеті мен халық жады арқылы сақталып келген жазылмаған тарихы бере алады. Егер зерттеуші сол терең ақпараттарға қол жеткізе алса туған жеріне кіндігімен байланған, тұрақтылық пен беріктілік, жанкештілікті басты құндылық санайтын көшпенді өркениетін ризомалық пішінге ұқсатпас еді. Маусымдық жайылымдарды ауыстыру үшін жылжыған көшпендінің қозғалысын тұрақсыздық пен тамырсыздыққа теңеу далалық өмірді өте үстіріт танудан шыққан. Әрине, көшпенділерде жаугершілік жылжу, қозғалу да бар бірақ бұл олар үшін жерді, жайылымды кеңейтудің жолы болды және сол жолда олар туған топырағына мәңгі қайта айналып отыратын, одан алыстап кете алмайтын. Көшпенділердің таным түсінігінен шынайы мәлімет бере алатын бірақ ғылымда ескерілмеген бұл дүниелер арқылы біз ризома концепциясының мүлде үстірт, аңдаусыз, сырттай ойдан құрастырылған тұжырым екеніне көз жеткіземіз. Бұдан шығатын қортынды, көшпенді өркениеті шындығында бұл батыс ойлағандай еркін құрылымның, еркін бөлінудің ризомалық иллюстрациясы бола алмайды. Осы жерден келіп шығатын тағы бір үлкен мәселені байқауға болады, бұл Делөздің көшпенді өркениетін шектен тыс романтизациялау арқылы утопиялық концепциялар ойлап табуы негізінен батыстық ориентализмның нәтижесі еді. Делөз көшпендіні құрғақ объектіге, экзотикаға айналдырып жібергендіктен де ол көшпендінің шынайы бейнесін көре алмаған, тек сырттай салыстыру арқылы үстірт тұжырымдар жасаған.

      Дегеніменде, ежелгі дәстүрлі қоғамдардың барлығы осындай белгілі бір сенімдермен өмір сүрді ғой деуіңіз мүмкін, ия, Делөздің өзінің тілімен айтқанда, примитивті және капитализмге дейінгі қоғамдарда әлеуметтік кодтар белгілі бір басқару жүйесін құрайтын яғни мәдени табулар мен сенімдер, жоралғылар, дәстүрлер қоғам мүшелерін белгілі бір құрылымға еріксіз бағындыратын, ал капитализм бұл кодтарды бұзды яғни де-кодтау басталды, бірақ сонымен қатар, капитализм өзінің жаңа заңдарын шығарды, басқа кодтары ойлап тауып, қоғамды ре-кодтау жүрді. [6] Осы тұрғыдан келгенде қазір мына нәрсені байқауға болады: капитализмге еніп, глобализацияның ықпалына ұшырап отырған көшпенді өркениеттің бүгінгі дербес мемлекеттері (бұл жерде мен нақты Орта Азия елдері туралы айтқып келіп отыр) сол бір nomos сөзінің айналасындағы құндылықтар өлшемінен әлі толықтай аттап кете қойған жоқ. Бұл елдер батыстық саяси басқару құрылымын үлгі ретінде алып отырғанымен, бәрібірде ресми өмірде далалық тәртіп пен түсінікке құрылған құндылықтар жүйесі сақталып қалған. Әрине, бұның нәтижесі қоғамдағы анти либерел көзқарастардың басым болып, белгілі бір деңгейде сол елдердегі қазіргі авторитарлы режимнің берік орнауына, құламауына әсер етіп отыруы әбден мүмкін. Себебі колониялдық режимің көшпенді өркениетті тарих сахнасынан күштеп жоюға тырысқан бірнеше қатал талпынысынан кейін орнаған саяси кезеңде көшпенді халықтың сенім мен құндылықтар жүйесі толықтай өзгеріске ұшырады. Нәтижесінде бастапқы мәнін өзгерткен, қате қабылданған жалған ұғымдар пайда болды. Сөйтіп, көшпендінің nomos сөзіне бекітілген мызғымас, берік, тұрақтылық, адал, батыл, жанкештілік, рухани ізгілікті, борышты алдыға қою, сол арқылы келетін адам рухының терең, шынайы еркіндігі бұл толықтай бұрмаланып, жалған идеяларға ұласты.  Бұдан шығатын түйін, көріп отырғанымыздай көшпенді өркениет тарих сахнасынан жоғалып кетсе де, оның бүгінгі ұрпағының жадынан Nomos- далалық заңның  іздері толықтай өшіп кетпеген, тіпті жоғарыда айтып өткеніміздей бұл ұғым өзінің бастапқы таза күйінен әбден өзгеріп, тым қарабайырланып, соңында консервативті, авторитарлы түсініктердің қорғаушысына айналып кетседе. Бұлай дейтініміз, Nomos өзінің ілкі тарихында, бастауында нағыз рухани асқақтықты, табиғат пен қоршаған әлем алдындағы терең жауапкершілікті сезіну арқылы келетін адам бойындағы таза, шынайы еркіндікті білдіретін. Бұл Делөз бастаған батыстық ойшылдар ойлағандай ризомалық, тамырсыз, қирату мен бұзуға жетелейтін өзімшіл, жасанды, белгілі бір шекаралармен өлшенетін еркіндік емес еді. Яғни бұл батыс түсінігіндегі қолдан жасалған еркіндіктен мүлде жоғары әлем еді. Өкіншіке орай, тарихи әділетсіз бәлкім дұрысы аңдаусыз, аңғармай жасалған концепциялар нәтижесінде көшпенді өркениетіне деген көзқарас жаңылыс айтылған үлкен идеяларға алып келді.  Әрине, бұл жаңылыстар бізді қайда бастап бара жатқанын білмейміз, бірақ қазірше көріп отырғанымыз, адам баласы еркіндікке қашанда мұқтаж болған, себебі ол оның табиғаты ғой.  Кейде тіпті сол еркіндік болмаса ол оны қолдан жасап алуға да тырысады екен. Деконструкция, детерриториализация, децентрализация деген либерализмның барынша кеңейген ұғымдары өткен ғасырдың ортасында дәл осындай тарихи талпыныстан туындаған болатын. Және қалайда болмасын бұл ұғымдардың белгілі бір дәрежеде жер бетінде әділеттілік, теңдік, еркіндік орнатуда сөзжоқ қатты ықпалы, көмегі болғанын мойындауымыз керек. Ия, Nomos батыс ойлаған еркіндіктің, тұрақсыздықтың синонимы бола алмайды және ол көшпенділер өркениетінің ізі қалған бүгінгі елдердегі бастапқы мәнін түгелдей өзгерткен Nomos тың да синонимы бола алмайды. Адамзат өзі жасап алған ұғымдардың шынайы мәнін іздей бастағанда, таза еркіндікке ұмтылғанда ғана бұл Nomos сөзі қайта оралуы мүмкін. Әлде ол өзіміз қолдан жойған өркениетпен бірге мәңгіге жоқ болды ма, белгісіз.

Жил Делөз бен Феликс Гуәтағи сияқты батыс ойшылдарының бұл концепциялары қазірде өмірімізге терең еніп, адам баласының ойлап тапқан ең кемел идеялары ретінде есептелсе де, мейлі бұл идеяларды қайта қарау ақылға қонымсыз, бос әурешілік болып көрінсе де, біз олардың зерттеу объектісіне, иллюстрациясына айналған көшпенді өркениетінің бүгінгі ұрпағы ретінде бұларды қайта қарауға әбден қақымыз бар деп ойлаймын. Ең болмағанда, белгілі бір дәрежеде өзімізге қатысы  жазылған, айтылған барлық дүниелерді енді қайта қарауға, тексеруге әбден құқылы екенімізді ешкім жоққа шығара қоймас. Ал бұл тақырыпты қозғаудың, дискурс құрудың қазіргі уақытта екі түрлі маңызы бар: біріншіден, постмодернистік ризоманың ықпалымен барынша «либералданып» қайта құрылымдалған қазіргі әлемдік саяси-әлеуметтік, экономикалық жүйенің алдында тұрақсыздық пен болжай алмаушылық, бақылаудан шығарып алу (бұл жерде еркін нарыққа қатысты) сияқты қоғамдық жағдай, көңіл -күй туындауда, бұл  өз кезегінде психоәлеуметтік мәселелердің шиеленісуіне әкелді. Біз одан әрі постмодерн ваккум ішінде өмір сүре алмаймыз деп жариялаған метамодернистердің шығуы да бұл ризома төңірегіндегі идеялардың дағдарысықа түсіп жатқанын көрсетіп отыр. Бірақ әлемді бұл дағдарыстан алып шығар жол бұл сөзжоқ кезекті тағы бір «изм» -ді ойлап табу болмауы тиіс. «Изм» жүйесі бұл батыстың өзімшілдігі мен менменшілдігінің тарихынан басқа ештеңе емес. Бұл тақырыпты қозғаудың екінші маңыздылығы- біздегі қазіргі қоғамдық саяси жағдай контекстінен қарағанда бұл бізге өзімізді тереңірек тануға, өзіміздің шынайы болмысымызды, бірегейлігімізді іздеуге, қайта құруға жол ашады.  Себебі постколониялық көңіл күй, жағдай ішінде өмір сүріп жатқандықтан ұлттық комплекстеріміздің әсерінен өз өзімізге күлу, өз өзімізді мазақ ету, өз өзімізден жиркену, өз өзімізден қашу бар, себебі жоғарыда айтып өткендей, «Nomos» далалық заңы төңірегіндегі құндылықтар әбден бұрмаланып, бастапқы мәнін толықтай өзгертіп жібергендіктен де біз өз мәдениетімізден еркіндіктің, теңдіктің, әділдіктің іздерін көре алмай қалдық. Дәл осы көре алмай қалушылық, мәдени ізгі құныдылықтарымызды дұрыс тани алмаушылықтың нәтижесінде бұл ізгі ұғымдар тек батыстық құныдылық ретінде қабылданып кетті. Дәл осы нүкте бізге қазірде жалпы барлық саланы қамтыған дәстүр мен жаңашылдық шиелінісінің, қоғамдық алауыздықтың, түсініспеушіліктің түп негізі қайдан шығып жатқанын көруге мүмкіндік береді.   Ия, бірінші жағдайда бұл концепцияларға негізделген құрылымдарда белгілі бір дәрежеде дағдарыс байқалып отырғанымен де, жалпы басқаруда, қоғамдық мінез құлық әрекеттерін реттеп, бір ізділеуде қазірше бұл иделардан асқан балама жүйе пайда бола қоймағанын ескеруіміз керек. Ал екінші жағдай тұрғысынан қарағанда ең маңызды түйін ой ол -бұндай тақырыптарды көтерудің, дискурс құрудың, қатып қабылданып қалған ұғымдарды қайта тексерудің шындығында сол батыстан гөрі қазір біздің қоғам үшін ерекше өткір мәселе екеніндігінде.

Әдебиеттер:

1. Christopher L. Miller. The postidentitarian predicament in the footnotes of A Thousand Plateaus: nomadology, anthropology, and authority. Diacritics 23 (3):6-35. 1993.  

2. Ronald Bogue. Nomadic Flows: Globalism and the Local Absolute. Concentric: Literary and Cultural Studies 31.1. 2005: 7-25. University of Georgia

3. Adrian Parr. The Deleuze dictionary revised edition. Edinburgh University Press, 2010/ 189-191 page

4. Martijn Theodoor Houtsma. First Encyclopaedia of Islam: 1913-1936. BRILL, 1993

5. Wiktionary. The free dictionary —https://en.wiktionary.org/wiki/Wiktionary:Main_Page

6. Gilles Deleuze. Anti-Oedipus. Seminar at the university of Paris, Vincennes-St. Denis, 1980.  

7. Gilles Deleuze, Felix Guattari. A Thousand Plateaus. Introduction: Rhizome. Minneapolis: University of Minnesota Press, 1987. tr. Brian Massumi/ 21 page

8. Nomos And Phusis. https://www.encyclopedia.com/

9. Martin Ostwald. Nomos and the Beginnings of the Athenian Democracy. Oxford University Press. 1969.