Әуезхан Қодар. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыт
Біздің қазақ әдебиетінде бәрі бір сарында жазылады. Баяғы сол Горький, Демьян Бедный, Сәбит Мұқанов заманынан солай басталған. Оған кейін Мұқтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев бастаған дегдар, ұлттық бағыты қосылды. Бірақ, қалай болғанда да бәрі тек реализм деңгейінде қала берді. Әрине, бұл кезінде үлкен жетістік болды. Өйткені, ол қазақ әдебиетінің көп иллюзиядан арылып, нақты болмысқа, нақты көзқарасқа жетуіне сеп болды. Әдебиеттің өмірмен тығыз байланыста екеніне үйретті. Мұның бәрі тіпті үлкен алға ілгерілігеніміз болар еді, егерде сол сәттен бастап әдебиет соцреализм идеологиясының, дәлірек айтқанда, кеңес идеологиясының басты құралына айналмаса. Ал идеология жүрген жерде әдебиет болмайды. Әдебиет дегеніміз ол болмыспен бетпе-бет кездесіп, болмысқа тиісті сауалдар қоя білу. Мұнда белгілі бір болмысты қабылдау бар да, қабылдамау бар, немесе оны сауалды ету бар. Демек, бұл концептуалды әдебиетті талап ететін нәрсе. Ал егер осы жағынан келетін болсақ, қазақ әдебиетінің көп аса мақтанатын жері жоқ. Бізде қалай алсаңыз да, бәрібір сол баяғы баяндау. Бұл мәселенің құйрығын Александар Македонскийше шауып жіберіп, мәселеге басқаша келген жас жазушы Мақсат Мәліков. Әзірше Мақсаттың бір-ақ кітабы бар, ол 2011 жылы «Жалын» баспасында «Жас толқын» сериясында шыққан «Жұмбақ кітап». Мен бұл кітаптың тұсаукесерінде болғам.